1965 жылдың сентябрінде мектеп кілті салтанатты жиында поселкелік советтің төрағасына табысталды. Сөйтіп 1965 – 1966 оқу жылы Сай – Өтес станциясындағы бастауыш мектептің ең алғашқы оқу жылы болды. Мектепке 492 – ші деген реттік нөмір берілді, әкімшілік тәртіп бойынша ол Маңғышлақ орта мектебіне бағынды. 1965 – 66 оқу жылын №492 Сай – Өтес бастауыш мектебі әр класында 20 – ға жуық оқушысымен, үш мұғалім, бір кіші қызметкері бар бар шағын ұжыммен бастады. Тұрғындардың дені басқа жақтан көшіп келгендіктен, жерсінбей қайта көшіп кетіп жатты. Осыған сәйкес сыныптардағы оқушылар саны үнемі ауытқып тұрды. Сондықтан Мусина М.М. орыс сыныптарын параллель етіп, 1,5 ставкамен оқытты. Ал көшіп келушілердің ішіндегі қазақ ұлтының өкілдері Маңғыстау түбегінің әр тарапынан болуымен қатар, Түрікменстан, Өзбекстаннан келушілер байырғы ата қонысым деп арнайы келіп, түбегейлі қоныстанып жатты. Сондықтан қазақ сыныптарындағы балалар саны үнемі өсіп отырды да, екі мұғалімнің жұмыстануын қажет етті. Жыл өткен сайын станция тұрғындарының саны көбейе түсті. Бастауыш сыныптарды бітірген оқушылар оқуын әрі жалғастыру үшін реті келген жерге кетуіне тура келді. Балаларының үйден осынша ерте кетуі ата – аналарына да балалардың өздеріне де өте қиын тиді. Мектеп сыныптарының көбейтіліп, сегізжылдық болуы аса қажеттілікке айналды. 1972 – 73 оқу жылында Сай – Өтес бастауыш мектебіне Алматы мемлекеттік университеті түлектері Сүйеуов Ақмұрат пен Сүйеуова Майра келді. Екеуіне де бастауыш қазақ сыныптары бекітілді. 1974 жылдың қыркүйек айында мектеп меңгерушісі Мусина М.М. Шетпе станциясына жұмысқа ауысты. Мектепті Сүйеуов Ақмұрат қабылдап алды. Орыс сыныптарына мұғалім ретінде Үсенова Несіп жұмысқа келді. 1978 жылдың тамыз айы Сай – Өтес тұрғындары үшін қуанышты күндер еді. Мектепке жаңа жас коллектив мүшелері де келе бастады. Сөйтіп 1978 – 79 оқу жылы № 492 Сай – Өтес бастауыш мектебінің өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан темір жол басқармасының оқу бөлімінің № 187 – ші бұйрығымен 1978 жылы Сай – Өтес бастауыш мектебі сегізжылдық болып қайта құрылды.
1981-86 жылдары мектеп Батыс Қазақстан темір жолы мектептері арасындағы жарыста білім, тәрбие берудегі үздік көрсеткіштеріне орай жүлделі екінші орынды иеленді. Мұғалім А.Сүйеуов «Темір жол саласының үздігі» белгісімен марапатталды. 1990-98 жылдар аралығында мектептің таңдаулы ұстаздардың Қ.Ашықбаев, Қ.Мырзабаев, К.Тобышева, Е.Сәтінұлы, З.Тоқсанова, Үдербаева М,Татиков М «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды. Осындай білікті ұстаздардан тәлім-тәрбие алған мектеп түлектері өмірден өз орындарын тауып жүр. Сонау сегізжылдық кезден бастап мектепті 698 оқушы ойдағыдай бітіріп шықты. Қазіргі таңда 521 оқушы оқиды, оның мектеп жанындағы интернатта 28 жатып білім алуда. Оларға білім беретін 59 мұғалім өз жұмыстарын заман талабына сай, жаңа педтехнология әдістерімен өз жұмыстарын жалғастырып келеді.